Ата-ана болу дайындығы балалық шақтан бастау алады. Бұл жүктілік, босану, ең бастысы ата-ана болу туралы үздіксіз білім алу процесі болып табылады (Б. Чалмерс).
Егер Сіз бен еріңіз балалы болуды шешсеңіз, өз тәндік және рухани күйіңізге, өмір сүру салтыңызға сынай отырып, баға беруіңіз қажет.
Болашақ жүктілік – бұл Сіз бен сүйіктіңіздің темекі шегуден бас тартуларыңызға тамаша себеп. Қазіргі таңда жүкті әйел үшін темекі шегудің зияндылығы дәлелденді, оның салдарынан ұрықтағы нәрестенің дамуы тежеледі, оған оттегі жетіспей, түрлі асқынулар, сондай-ақ мерзімінен бұрын босану қаупі туады. Енжар темекі шегудің (яғни басқа темекі шегушінің шығарған түтінді жұту) де қаупі аз емес. Ішімдік ішуді де доғару қажет: түсік тастау қаупі бар. Ер адамдарда спирт ішімдігі потенциясын айтарлықтай төмендетеді. Жеген тамағыңызды қадағалаңыз. Калориясы көп, организм үшін пайдасы аз азық-түлікті, яғни майлы және тәтті тағамдарды азайтыңыз: өз рационыңызды фолий қышқылына бай азық-түлікпен нәрлендіріңіз. Артық салмақ Сіздің жүктілігіңізге тек қана зиян келтіреді. Ал салмақтың жетіспеушілігі репродукциялық циклге әсер етеді, бала көтеру мүмкіндігін азайтады. Өзіңіздің жүктілікке дейінгі салмағыңызды дәрігерден сұрап біліңіз де, соны сақтауға тырысыңыз. Жүктілік кезінде де өз салмағыңызды қадағалаңыз. Қандай жағдай болса да, диетаға отырмаңыз, өйткені Сіз өзіңізді, сонымен бірге өз балаңызды дамуы үшін қажетті нәрлі элементтерден айырасыз.